Қос мұнаралы орталық мешітте қала әкімі Айбек Кәрімов өз отбасы атынан ораза тұтқан жамағатқа ауызашар берді. Ақ дастархан басына шаһардың ауыз бекіткен ақсақалдары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен дін қызметкерлері, ауыз бекіткен жұртшылық жиналды.
Аталмыш шараға қала басшысымен бірге қала әкімінің орынбасары Жағыпарбек Елубаев пен әкімдіктің бөлім басшылары да келді. Дастархан басында алғысөзді ҚМДБ-ның Семей өңіріндегі өкіл имамы Мақсат Алтыбай алды. Мақсат Қуанышұлы қала әкімі Айбек Мүталапханұлының биыл үшінші жыл қатарынан ауызашар рәсімін өткізіп отырғанын айта келіп, дінімізде сауапты амалдардың қатарына жататын осынау шара үшін жамағат атынан разылық білдіретінін жеткізді.
- Дін мен дәстүрді берік ұстанған бабаларымыз оразаның кешінде ауызашар өткізуге де ерекше мән берген. Бұл халқымыздың кең пейілін, ырысты ынтымағын көрсететін ізгі шара. Күні кеше ораза ұстап, ауызашар өткізу былай тұрсын, дұға етіп, қол жаюға қорқатын заманды өткердік. Ал ұрпаққа мұра болып, салт ретінде сіңісіп кеткен дініміздегі сауапты амалды жалғастыруға басшыларымыз мұрындық болып жатса – ол бүгінгі Тәуелсіздігіміздің жемісі, - деп атап өткен өкіл имам дініміздің тірегі, ораза ғибадатының сауабы жайлы да тоқталды.
Ауызашарға қала ақсақалдары көп жиналды. Дәм алып отырғандар тағылымды әңгіме қозғап, осынау қасиетті айдың шарапаты жөнінде ақжарма тілектерін тілесті.
Қаламыздағы мұсылман әйелдер қоғамының төрайымы Гүлжиһан Жұматаева өз сөзінде қала әкімінің тек шаһардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде ғана емес, рухани-мәдени жаңғыруына да зор үлес қосып келе жатқанына қуаныш білдіретінін жеткізді.
- Баршаңызды осынау Рамазан айымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Мүмкіндік болып, денсаулық жараса, ораза тұту әр мұсылман үшін үлкен бақыт. Дін - ұлтты ұйыстырушы. Елдің береке-бірлігінің бекем болуына, қоғамның ішкі саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуде де елеулі үлес қосады, - деді Айбек Кәрімов өз сөзінде.
Ауызашар соңында Құран аяттары оқылып, бақилық болған марқұмдарға дұға жасалды. Ел іргесінің амандығы, ырыстың ортаймай, береке-бірліктің арта түсуі үшін тілек тіленді. Дастархан басында қаламыздың қазыналы қариясы Әбдеш Имаханов ақсақал ас қайырып, бата жасады. Ақ ниетпен Аллаға алақан жайған ауыз бекітуші қауым бір ауыздан «Әмин» десіп, тілек тоғыстырды.
Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің ақпараттық секторы