Семейліктер Ораза айт мейрамын кеңінен тойлауда. Қаланың барлық мешіттерінде Айт намазы оқылды.
Көп жамағат жиналған Орталық мешітте де құран оқылып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңірі бойынша өкіл имамы Мақсат Алтыбай Айт намазы, ислам дініндегі рухани-адамгершілік тәрбие жайлы уағыз айтты. «Он екі айда бір келетін, дініміздегі ең қасиетті мерекелердің бірі - Ораза айт мерекесімен шынжүректен құттықтаймын. Осынау ұлық мерекеде қасиетті Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз, жасаған ғибадат-құлшылықтарыңыз бен қайырымды істеріңіз қабыл болсын деймін. Ораза айтта ренжіскен жандар татуласып, көптен көрмеген ағайындар бір-бірінің саулығын сұрасып, мұқтаждар қайырымдылыққа бөленіп, дертке шалдыққандарға Алла шипа берсін. Баршаларыңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, кәсіптеріңізге береке тілеймін», - деді Мақсат Қуанышұлы барша Айтнамазына келген жамағатқа арнаған сөзінде.
Ораза айты үш күнге созылады. Мұсылмандар айт күндеріне үлкен мән береді. Айт күні мұсылмандар жетім-жесір, кембағал кісілерді сый-сияпат беріп қуантады. Үлкендердің, дос-жарандардың, таныстардың үйіне айттап барады.
Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің ақпараттық секторы